You are here

Жаңалықтар

17.06.2017 г.

Еліміздің үздік дәрігерлері Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шараға қатысты

Бүгін «Астана Опера» Опера және балет театрында медицина қызметкерлерінің, денсаулық сақтау саласы ардагерлерінің қатысуымен, жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде дәстүрлі түрде атап өтілетін, Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара болып өтті.

Еліміздің медицина қызметкерлері қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтай келе, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігер мамандығы терең білімді  және жер бетіндегі ең қымбат байлық - адам денсаулығы мен өміріне деген асқан жауапкершілікті талап ететін, әлемдегі қиын мамандықтардың бірі екендігін атап өтті. 

«Бұл – бейімділік, ықылас пен қамқорлық, білім мен жауапкершілік, сондай-ақ кәсіпқойлық. Біз, елімізде осындай кәсіпқой мамандар бар екенін мақтан тұтамыз. Жауапкершілікері мол, сауатты, талантты дәрігерлер адам өмірін сақтап қалуда бар мүмкіндікті, кей сәттерде мүмкін емес нәрселерді жасайды. Сіздердің күнделікті елеусіз еңбектеріңіз – халық денсаулығын нығайтудағы мемлекеттік міндеттерді шешуге қосқан үлестеріңіз», - деді министр өз әріптестеріне.

 «Бүгінде жүзеге асырылып жатқан 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан халқының денсаулығын қорғау мәселелерін шешудегі қол жеткізген жетістіктерді нығайтып, одан әрі дамытуға бағытталған. Жалпы, соңғы 10 жылда тұрғындар денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарды. Өмір сүру ұзақтығы 6 жылға өсіп, 72,2 жасты құрады, жалпы өлім-жітім 27%-ға азайды, туу көрсеткіші 10%-ға өсті,  халықтың табиғи өсімі 1,5 есеге артты, ана өлімі 4 есеге дерлік, нәресте өлімі - 1,7 есеге, қан айналымы жүйесі ауруларынан (ҚЖА) болатын өлім-жітім - 3 есеге, қатерлі аурулардан болатын өлім-жітім - 20%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім - 5 есеге азайды», - деп мәлімдеді Елжан Біртанов.

 «Сырқат үшін басты дәрі – дәрігердің өзі, демек ол әрдайым өзін өте жақсы сезінуі тиіс, сондықтан сіздер айналаларыңыздағы адамдардың ғана емес, өз денсаулықтарыңызды сақтауды да ойлауларыңыз қажет. Адам өмірі үшін күресе жүріп, өздеріңізді де ұмытпаңыздар», -  деді министр.

Айта кетейік, жыл сайын, медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында «Үздік маман» республикалық конкурсы ұйымдастырылады.  Биылғы жылы конкурс 8 номинация бойынша өтті: ««Үздік дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік провизор», «Техникалық кәсіби білімі бар үздік медицина қызметкері», «Үздік менеджер – денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы», «Медициналық ЖОО-дағы үздік оқытушы», «Санитарлық-эпидемиологиялық саладағы үздік дәрігер», «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың үздік маманы».

Үздіктердің арасындағы үздіктер шара барысында дипломдармен және естелік жүлделермен ынталандырылды. Оларды салтанатты шараға шақырылған қонақтар: ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері табыс етті. Салтанатты шара соңы «Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы мен басқа да қазақстандық танымал өнер иелерінің мерекелік концертіне ұласты. 

                                  

 


Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы